«Хабар» Агенттігі» АҚ (бұдан әрі – Агенттік) 2023 жылы «Junior Eurovision Song Contest» халықаралық балалар ән байқауына (бұдан әрі – Байқау) қатыспау туралы шешімін хабарлайды.
Байқау ағымдағы жылдың 26 қарашасында Ницца қаласында (Франция) өтеді. Тиісті шешім Байқауға қатысу мүмкіндігіне әсер ететін көптеген факторларды мұқият саралау нәтижесінде қабылданды.
Агенттік көптеген елдің өскелен жастары арасында таланттарды дамытуға және мәдени алмасуға ықпал ететін Байқаудың бірегейлігі мен маңыздылығын жоғары бағалайды.
Алайда ішкі жағдайларды ескере отырып, Агенттік 2023 жылы Байқауға қатысудан уақытша бас тарту туралы шешім қабылдады. Бұл шешім 2024 жылы Байқауға қатысуға барынша жағдай жасау мақсатына негізделген.
Өткен Junior Eurovision байқауында Қазақстанды таныстырған ресми өкілдер
2018 жылы Junior Eurovision Song Contest халықаралық байқауында Данэлия Тулешова «Өзіңе сен» әнімен 6-орыннан көрінген еді.
2019 жылы Ержан Максим «Арманыңнан қалма» әнін орындап, 2-орын, ал қазылардың шешімімен 1-орын иеленді.
2020 жылы Қарақат Башанова «Forever» әнімен 2-орынға тұрақтады.
2021 жылы Парижде өнер көрсеткен Бекнұр Жәнібекұлы мен Әлинұр Хамзин 8-орынды иеленді.
2022 жылы Ереванда өткен байқауда Давид Чарлин 15-ші орынға тұрақтады.
ДАВИД ЧАРЛИН
Чарлиндер отбасы өнерлі. Давиттің әкесі де жас кезінде ән айтып, сахналарға шықса, туған әпкесі де музыкаға жақын көрінеді. «Қолым қалт ете қалса, теннис ойнаймын. Ал ұйықтар алдында әлем классиктерінің әнін тыңдағанды ұнатамын», – дейді Давид Чарлин. Ол сондай-ақ Димаш Құдайбергенді үлгі тұтатынын және Димаш секілді әлемге танымал болғысы келетінін айтады.
Давид Чарлин – Ақтөбеде өткен «Baqytty Вala-2022» балалардың ашық вокалдық фестиваль-байқауының қатысушысы.
«Хабар» Агенттігі «Baqytty Вala-2022» байқауын көрермен назарына ұсынып қана қоймай, өнер додасында ерекше көзге түскен дарын иесін таңдап алып, «Junior Eurovision 2022» ән байқауына Қазақстан атынан қатыстыру туралы шешім қабылдаған еді.
ӘЛИНҰР ХАМЗИН
Әлинұр жастайынан ән айта бастады. Бүгінде Әлинұр Орал қаласындағы №27 мектеп-лицейінде оқиды, вокал, робототехника және шахматпен айналысады, фортепианода ойнайды.
Шетелдік эстрадалық әндерді ұнатады. Сүйікті орындаушылар: Бейонсе, Уитни Хьюстон, Алисия Кейс, Майкл Джексон. Қазақ музыкасында оның кумирі – Димаш Құдайберген. Оны тірідей көріп қана қоймай, жеке кездесіп, әңгімелесу сәті де бұйырды. Ол да Димаш сияқты өзін музыкаға арнағысы келеді және танымал әнші болуды армандайды.
«Бала дауысы – 2018» байқауының финалисі, «Славян базары – 2021» Ұлттық іріктеуінің финалисі, «Бақытты бала – 2021» дипломанты.
БЕКНҰР ЖӘНІБЕКҰЛЫ
Бекнұр музыканы, ән айтуды, достасуды жақсы көреді. Әрқашан «үздіктер» қатарынан болуға тырысады. Ол өте жақсы оқушы, география, математика және бейнелеу сабақтарын жақсы көреді. Дербес әрі өз ісіне ұқыпты: барлық сабақтарды өзі жасайды. Ол пойыздар мен ұшақтарды жақсы көреді. Мықты және қайсар, өз дегеніне жетпей қоймайды, кері қайтуды ұнатпайды.
Оның ұраны: «Мүмкін емес ештеңе жоқ!». Өзін басқалармен бірге тең дәрежеде сезінеді. Көбінесе адамдарды өзіне деген сенімділігімен таң қалдырады.
Бекнұрдың арманы – келесі жолы адамдардың «Қара, кішкентай балақай» емес, «Мынау Junior Eurovision-дегі бала ғой!» деген сөздерін есту.
Ол Страсбург қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткен концертте өнер көрсетті.
Башанова Қарақат
Қарақат бес жасынан бастап вокалмен айналыса бастаған, бірақ тек тоғыз жасында арнайы курстарға жазылды. Бір жылдан кейін уақыт тығыздығына байланысты вокалды тастауға тура келді. Бірақ ол берілмей, YouTube платформасында бар түрлі видео бойынша өзін әрі қарай шыңдай түсті.
Қазір Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған мектепте оқиды. Ол «Аңызфильм» мен «Балапан» телеарнасы бірігіп түсірген «Ақ құс» телехикаясының саундтрегін орындады. «Голос детей 2018» республикалық балалар байқауының финалисі, ІІ ашық «Бақытты бала 2019» балалар вокалдық фестивалінде 3-орын алды.
Junior Eurovision – 2020 байқауында телекөрермен және қазылар алқасының дауыс беру қорытындысы бойынша Қарақат Башанова 152 ұпай жинады. Гранд-финалда ол «Forever» әнін орындады. Қарақат бұл әнін 6 жыл бұрын өмірден озған әкесіне арнады.
Ержан Максим
2017 жылы Ержан Беларусь Республикасының Витебск қаласында өткен «Славян базары» халықаралық байқауында екінші орын алды. Сондай-ақ Италияда өткен «San Remo junior» байқауына қатысып, симфониялық оркестрмен ән айтып, байқаудың финалисті атанды.
Ержан 2019 жылдың ақпан айында «Голос. Дети» шоуына қатысып, белгілі ресейлік әнші Валерий Меладзенің жетекшілігімен суперфиналда 2-орынды иеленді, бұл жас орындаушының мансабы үшін жақсы трамплин болды.
2019 жылы Junior Eurovision халықаралық музыкалық байқауында «Арманыңнан қалма» әнімен Қазақстан атынан өнер көрсетті. Кәсіби қазылар алқасы мен көрермендердің дауыс беру нәтижесі бойынша Ержан 227 ұпай жинап, қатысқан 19 елдің орындаушылары арасында 2-орынға тұрақтады. Онлайн-дауыс беру қорытындысы бойынша Ержан Грузия, Польша, Украина мен Нидерланд сияқты елдерден жоғары балл жинап, көш бастады.
Данэлия Тулешова
Данэлия Тулешова – қазақстандық әнші. Украинада өткен «Голос. Дiти» шоуында жеңіске жетті. Данэлия Тулешова Украинаның «Голос. Діти» шоуының (төртінші маусымының) жеңімпазы болды, «Балалардың жаңа толқыны-2015» байқауында көрермендер көзайымы сыйлығын иеленді. Сондай-ақ «BraVo» премиясының ең жас лауреаты атанды.
Ұлттық іріктеуде жеңіске жеткен Данэлия «Өзіңе сен» әнімен 2018 жылғы балалар байқауында Қазақстанды таныстырды. Ол 171 балл жинап, 20 қатысушы ел арасында 6-орынға ие болды. Сонымен қатар онлайн дауыс беру нәтижесі бойынша 3-орында болды, онда Данэлияға Ресей, Әзербайжан, Македония, Беларусь және Грузия елдері ең көп дауыс берген болатын.
«Stone Cold» әнін орындағаннан кейін ерекше танымалдылыққа ие болды. Бұл видео YouTube желісінде 50 млн-нан астам қаралым жинады.
ЕРЕВАН 2022
Junior Eurovision Song Contest — жыл сайын ұйымдастырылатын балаларға арналған дәстүрлі телевизиялық ән байқауы. Оған Еуропалық хабар тарату Одағына мүше елдердің хабар таратушылары өздерінің жас дарынды, 9-14 жас аралығындағы әнші балдырғандармен үзбей қатысады. Балаларға арналған бұл байқау жобасы Eurovision Song Contest байқауына ұқсас. Атауларының бір-біріне үйлесімді болғандығы да сондықтан.
2022 жылы 11 желтоқсанда Армения астанасы Ереван қаласында Карен Демирчян атындағы спорттық-концерттік кешенде 20-шы Junior Eurovision Song Contest халықаралық ән байқауы өтеді деп күтілуде.